Тарихи құжаттар
Мектептің ашылуына және қалыптасуына ҚазКСР Ғылым Академиясының математика секторының академик-хатшысы Орымбек Ахметбекұлы Жәутіков, ҚазКСР ҒА математика және механика институтының директоры Төлеубай Ыдырысұлы Аманов және Академик Асан Дабсұлы Тайманов толық септігін тигізген.
1972 жылы Алматы қаласында Республикалық физика-математика мектебі ашылды, ол бүгінгі таңда Қазақстанның орта білім беру флагмандарының біріне айналды.
ХХ ғасырдың 60-шы жылдарының соңында Қазақстанда физика мен математиканы тереңдетіп оқытатын мамандандырылған мектептер ашу қажеттілігі туындады. Ол кезде осындай мектептер Мәскеу, Ленинград, Новосибирск, Киев, Ереван, Тбилисиде болған, бірақ ҚазКСР-да мұндай деңгейдегі мектептер болған жоқ.
Мектепті құрудың басты мақсаты математика және физика саласындағы дарынды балаларды еліміздің барлық өңірлерінен анықтау және одан әрі оқыту болды. Ол 1968/69 оқу жылында, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1968 жылғы 25 шілдедегі № 458 қаулысымен № 56 орта мектептің жанынан физика-математика бағытындағы республикалық жалпы білім беретін орта мектеп-интернаты құрылған кезде жүзеге асырыла бастады. Оның негізінде осы пәндерді оқуға қызығушылық пен қабілет танытатын балаларға физика мен математиканы тереңдетіп оқытатын екі сынып ашылды.
1970 жылы жаңа мектептің оқу корпусы мен басқа қаладан келген балаларға арналған жатақхананың құрылысы басталды. Құрылыс аяқталғаннан кейін 1972 жылы физика-математика сыныптарының барлық оқушылары мен мұғалімдері ботаникалық бульвардағы жаңа ғимаратқа көшті. Физика-математика бағытындағы республикалық жалпы білім беретін мектеп-интернаты Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1972 жылғы 16 қазандағы №555 қаулысымен Республикалық физика-математика мектебі (РФММ) болып қайта құрылды.