Коммерциялық емес акционерлік қоғамы Республикалық
физика-математика мектебі
Коммерциялық емес акционерлік қоғамы
Республикалық физика-математика мектебі

Мектеп туралы

FIZMAT HANDBOOK


РФММ – менің таңдауым.

РФММ – мен армандаған мектеп. Бұл мектеп мені тұлға ретінде қалыптастырып, жарқын болашаққа жол ашады. Мен РФММ оқушысы атанып, мақтан тұтуым үшін өте көп күш жұмсадым…

Мен 51-ші жалпы білім беретін мектеп-гимназиясында оқып жүріп, кім болғым келетінім туралы ойлана бастадым, әсіресе математикаға деген құштарлығымды РФММ қанағаттандыра алатын еді. Мен оқуыма ынта қойып оқыдым. 8-ші сыныпқа түсу үшін қабылдау емтиханын тапсырып, әттең, түсе алмай қалдым. Бірақ алған бетімнен қайтпадым. Безек қағудың орнына одан әрі дайындығымды жалғастыра бердім. Ақыры жолым болып, 9-шы сыныпқа түстім! Түскендердің тізімі шыққан күн мен үшін ең бақытты күндердің бірі еді! Бірақ бұл менің арманыма жететін ең алғаш қадамдарым болған екен, себебі мектепте мені жаңа сынақтар күтіп тұрған еді.

Біріншіден, ол оқуға және тәрбиеге қойылатын талаптар. Тәжірибелі ұстаздар бірден ойын түсініп қоятын оқушыларға үйреніп қалғандықтан мен үшін біраз қиындықтар туындады. Сабақтарды лезде ұғынып, көптеген тапсырмаларды орындау керек болды. Бірақ қазір мұндай тәсіл мен үшін өте маңызды болғанын түсінемін. Осының арқасында қазір алгебра, геометрия, информатика, физика және тағы басқа сабақтарда өзімді сенімді сезінемін. Әсіресе бұл ҰБТ-ның алдында өзекті болып отыр. Сонда да үйреншікті жағдайдан шығу оңайлыққа соққан жоқ. Әуелде ұйқының қанбауын, қиын тапсырмаларды шешу үшін бар күшімді салған уақытты ешқашан ұмытпаспын. Сыртқы келбетке қойылған талаптар бізді жауапты да жинақы етеді, оның өтемақысы ретінде жұма күндері еркін киім кие аламыз! Керемет!

РФММ әртүрлі шетелдік олимпиадаларға қатысуға мүмкіндік береді. Тегін! Ең бастысы, оқуға деген құштарлық және жаңа кезеңдерді меңгеруге дайын болу. Сонда олимпиадалық резерв сенің қолыңда болуы әбден мүмкін.

Мектепте кәсіптік бағдар берушілер жұмыс істейді, болашақ мамандықты таңдап, құжаттарды армандаған жоғары оқу орнына рәсімдеуге көмектеседі. Бұл менің келесі қадамым!

Және мұнда ең қатты ұнататыным – ұстаздар. Мектепте үлкен тәжірибелі ұстаздар да, жас шығармашыл ұстаздар да қызмет атқарады. Олар бізге тек білім беріп қана қоймай, сонымен қатар тәрбиелеп, рухани байытып, өзіңді әрі қоршаған ортаны түсінуге көмектеседі. Мен сүйікті ұстаздарымның қамқорлығының арқасында өз бойыма сенімділік ұялаттым. Осы үшін оларға мың алғыс!

Мен мектебімді жақсы көремін. Қиыншылықтарды жеңіп, арманға жетеміз! Менің даму жолым РФММ арқылы өтеді! Жолым оңай емес, бірақ қызықты әрі өте маңызды! Қазақстанның барлық оқушыларына армандаған мектебінде оқуды, мектеп тарихында, қала тарихында, мемлекет тарихында, әлем тарихында маңызды орын алып, өз ізін қалдыруын тілеймін!

Эссенің авторы: Муратбекова Арайлым Айтжанқызы