Санжар Тайжан

РФММ 2015 жылғы түлегі, 11 “Г” сыныбы
2019 жылғы рейтинг финалисі
Warwick Hyperloop Team командасының негізін қалаушы
«Өмір тек күнделікті мәселелерді шешумен шектелмеуі керек», – деген белгілі америкалық өнертапқыш, кәсіпкер және инвестор туралы «Илон Маск: Tesla, SpaceX және фантастикалық болашақ ізденісі» атты кітаптағы сөздерді 2013 жылы РФММ оқушысы Санжар Тайжан оқып шығып, жүрегіне түйіп алған еді. Сол сәттен бастап ол инженер болуды армандады.
Арманы Санжарды әуелі Кембридж колледжіне алып келді. Ол бұл оқу орнын 2015 жылы «Жылдың үздік студенті» атағымен тәмамдады. Кейін, 2017 жылы, ол Ұлыбританияның ең үздік 10 жоғары оқу орнының бірі болып саналатын және машинажасау саласы бойынша беделді University of Warwick университетіне түсті. Дәл осы жерде қазақстандық студент SpaceX Hyperloop Pod Competition халықаралық жарысына қатысу үшін 60 студенттен құралған команда – Warwick Hyperloop Team құрды.
Белгілі болғандай, Hyperloop – Илон Маск ұсынған және жүзеге асырып жатқан дыбыс жылдамдығымен қозғалуға мүмкіндік беретін жаңа көлік түрі. Warwick Hyperloop Team тобы 11–12 секундта сағатына 500 км жылдамдыққа жететін капсуланың (pod) моделін жасап, әлемнің 1600 студенттік командасының арасында топ-35 қатарына енді. Дегенмен, финалға өткен 20 команданың тізіміне кірмеді. Бірақ Санжар мойыған жоқ:
«Біз бұл бағытта жұмысымызды жалғастырып, Англияда алғашқы Hyperloop сынақ алаңын салуды жоспарлап отырмыз», – дейді ол.
Қазір Warwick Hyperloop Team капсуланы қозғалысқа келтіретін жоғары энергия үнемдейтін сызықтық асинхронды электрқозғалтқыш моделін жетілдірумен айналысуда. Команда мүшелері бұл технология жүктерді тасымалдау саласында төңкеріс жасай алады деп есептейді.
2018 жылы Санжар The Faraday Institution ұйымында литий батареяларының деградациясын болжау бойынша зерттеу жүргізіп, оның жобасы Ұлыбританиядағы бакалавриат студенттері арасында «Ең үздік инновация» деп танылды. Жобасын ұсынғаннан кейін Санжарға Jaguar Land Rover компаниясының өкілі назар аударып, тағылымдамадан өтуге шақырды.
2019 жылдың жазында ол компанияның зерттеу тобында жұмыс істеп, болашақ көліктердің аккумулятор бөліктеріндегі жылу әсерін зерттеді.«Jaguar Land Rover-де жұмыс істеу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Бұл жерге Ұлыбританияның ең үздік инженерлері ұмтылады. Менің мақсатым – жерүсті көлігі туралы түсінігімізді түбегейлі өзгертетін озық технологиялармен айналысу», – дейді Санжар.
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Бисембаева Үлмекен Зайнуллақызы Санжарды ерекше ынтасы мен шығармашылық әлеуеті жоғары, білімге құштар шәкірт ретінде еске алады.
Мектеп ұжымы оның терең білімі мен еңбекқорлығын ерекше атап өтеді.Санжар мектептің қоғамдық өміріне де белсене қатысқан. Ол «Республикалық физика-математика мектебі оқушылары арасындағы шахмат турнирі» мен «Мұғалімдер арасындағы ән байқауы» сияқты іс-шараларды ұйымдастырған.