Искандер Рахманбердиев

РФММ 2009 жылғы түлегі, 11 “Д” сыныбы
2019 жылғы рейтинг финалисі
ORBI компаниясының тең құрылтайшысы
2018 жылы отандық БАҚ-та қазақстандық стартап ORBI әзірлеген инновациялық өнім туралы жаңалықтар тарады. Жобаға бизнесмендер Кенес Ракишев (Forbes Kazakhstan байлар рейтингі бойынша №7) және Бахаридин Аблазимов (№45) инвестиция салды.
ORBI Prime – әлемдегі алғашқы 360 градус бейне түсіруге арналған көзілдірік. Компанияны Әділ Суранчин, Александр Морено және Искандер Рахманбердиев құрған.Бүгінде ORBI-дің бас директоры болып табылатын Искандер кезінде MIT жанындағы ядролық физика зертханасында тағылымдамадан өтіп, Берклиде білім алған. Оның алғашқы жобасы балаларға арналған бағдарламаланатын INDYBO конструкторы еді. Бұл жобамен ол Шэньчжэньде және Лондонда жұмыс істеп, кейін Techstars бизнес-акселераторына іріктеуден өткен. Алайда 2015 жылы дайын прототип болғанына қарамастан, Искандер өнімді нарыққа шығармау туралы шешім қабылдайды. Оның айтуынша, инвестиция қайтарымдылығының төмен болу қаупі жоғары болған.
«Мен жаңа идеялар іздей бастадым. Бір стартап байқауында танысқан Әділді өзіме серік болуға көндірдім. Сол кезде оның танысы бейнеконференциялар үшін 360 градус түсіретін камера болса жақсы болар еді деп айтыпты, — дейді Искандер. — Басында мұндай камералар көп қой деп ойладым. Бірақ кейін түсіндім: егер камераны тағуға болатын болса, оның құндылығы артады. Осы ой бізге шабыт берді де, нәтижесінде көзілдірік жасауға шешім қабылдадық».
Жоба 2016 жылы Indiegogo краудфандинг платформасында жарияланды. Әрине, тұтынушыларға біраз күтуге тура келді — алғашқы 2000 дана көзілдірік тек биылғы қыркүйекте жеткізілді.
«Бір клиент ақшасын қайтарғысы келетінін жазды, бірақ көзілдірікті алған соң, бір аптадан кейін сайтта өте жақсы пікір қалдырды», — дейді Искандер.
Қазір Кремний алқабында орналасқан компанияның негізгі аудиториясы — белсенді өмір салтын ұстанатын адамдар (тапсырыс берушілердің 50%-дан астамы АҚШ-та тұрады): жүгірушілер, велосипедшілер, серфингшілер. Искандердің айтуынша, олар бұрын өз тәжірибесін толық бейнеге түсіре алмайтын, себебі қолмен ұсталатын немесе маңдайға тағылатын камералар (мысалы, GoPro) ыңғайсыз болатын.
ORBI-дің келесі өнімдері — су өткізбейтін нұсқадағы көзілдірік пен түсірілген бейнелерді автоматты түрде өңдейтін редактор болмақ.
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Бисембаева Үлмекен Зайнуллақызының айтуынша, Искандер Рахманбердиев — мектептің ең үздік 100 түлегінің бірі. Оның сүйікті пәндері — математика, физика және информатика.
Математикаға деген қызығушылығы, талдау қабілеті мен логикалық ойлауы арқасында Искандер 2008 және 2009 жылдары Республикалық математика олимпиадасының алтын медаль иегері атанды.
2009 жылы ол «Университетская гимназия 2009» атты Бүкілресейлік ғылыми-әдістемелік конференцияға қатысқан.